Статьи и доклады
Мансап пен мінез

Мемлекеттік қызметке іліккен жастар адамдармен жүре сөйлесіп, шіреніп шыға келеді.

«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».Қазақтың ұлы данышпаны Абай атамыз қалай тауып айтқан?! Қай адамның да болмысы мен бітімінен осы үш қасиет табылып жатса, өзіндік ұстамды мінезі де қалыптасар еді.

Мінезді әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды деп жатады. Рас болар, оған дауымыз жоқ. Алайда, әр адамның мінезінің қалыптасуына отбасындағы тәрбиемен бірге, оның араласатын ортасы да, атқаратын лауазымдық қызметі де әсер етпей қоймайтыны және бар. Соның ішінде жастардың мінезі мемлекеттік қызметке «ілінумен» күрт құбылып жататыны байқалып қалып жүр. Бәлкім, жастар мемлекеттік қызметке орналасуды мансаптың баспалдағына аяқ басу деп түсінетін секілді. Бір қарағанда, солай екені даусыз. Бірақ, жастардың көбі мансаптың буына мастанғанын, әсіредаңғойлыққа бой алдырғанын қапелімде білмей қалатын шығар-ау, деп топшылаймыз.

Қайбір жылы ескі танысым мемлекеттік қызметке, дәлірек айтқанда, әкімдіктің жауапты қызметіне тағайындалған жас жігіттің күрт өзгергенін әңгімелегені бар еді. Оның айтуынша, өзінен бір мүшел жастай кішілігі бар жігіттің бұрын сәлемі түзу, сыйластығы жарасымды болған. Әкімдіктің жауапты қызметкері атануы мұң екен, әлгі сабазың сәлемдеспек түгілі, танымайтындай кейіп танытыпты. Кердең басып, көзін шел қаптағандай өте шығатын сол жігіт шамасы, жұмсақ орындық пен қызметтік көліктің желігіне тым ерте еліткен секілді. Өкінішке қарай, мұндай жас шенеуніктер бірлі-жарым болмай тұр. Мемлекеттік қызметтің «ауылына» ат шалдырған жастар мансабына орай мінезін де өзгертіп алып, құдды көк тірегендей шіренетінін қайтерсің?

Өткен жылы төменгі буындағы әкім лауазымына тағайындалған жас жігіттің тосын қадамына таңданғанымыз бар. Облыстық әкімдікке де, жас әкім отырған әкімдікке де шаруасымен келетіндер көп. Бірақ облыстық әкімдікке кіргенде, есік алдынан ешкім қалтафоныңды қалдыруды сұрамайды. Ал жас әкімнің әкімдігіне кірерде қалтофонды міндетті түрде есік алдындағы қобдиға тастап кету қажет. Олай етпеген жағдайда күзет қызметкерлері өңменіңнен кері итеріп, далаға сүйреп шығарып жіберуге бар. Кім екеніне қарамайды, егде тартқан адам ба, сол әкімдіктің бөлім басшысы ма, әлде сырттан келген қонақ па – бәрібір, күзетшілерге тек әкімнің тапсырмасы орындалуы керек.

– Бұл әкімнің тапсырмасы!

Есік алдындағы күзетшілер тау қопарғандай зіркілдеп сөйлейді. Қалтафонмен ішке кіргендерді құдды жау көретіндей. Олардың айтуынша, жас әкім бірде-бір адамды қалтафонмен әкімдікке кіргізбеу үшін арнайы өкім де шығарып қойыпты. Бірақ, оның бұдан не ұтқаны бар? Тіпті, мұны неге жорырыңды білмейсің. Мансап­тың буына мастану ма, әлде жас та болса, қаһары мен қауқарын қиқар өкіммен танытуы ма? Тәртіп орнатамын деп, әпербақандықтың үлгісін көрсетуі ме? Тегінде әкімдікке қалтафонмен кіргенде тұрған не бар? «Ұлық болсаң, кішік бол» дейтін қағиданы ұстанатын жас әкім дәл бұлай емес, қауқарын іскерлігімен танытуға ұмтылғаны әлдеқайда жарасымды болар еді.

Алыс аудандағы округтердің бірін басқаратын әкімнің былайша мұңын шаққаны бар. Аудандық әкімдік округ әкімдеріне қызметтік «Нива» көлігін алуға тапсырыс береді. Округ әкімдерінің бірі көлікке жолда жүргенде радиодан ел жаңалығын тыңдау үшін магнитофонды қоса алуға ұсыныс айтыпты. Сонда аудан әкімінің орынбасары: «Сендерге радиодан жаңалық тыңдау неге керек? Алмайсыңдар, магнитофонды», деп найзағай ойнатардай ашу шақырыпты. Әрине, ақыл тоқтатқан жастағы адам болса, дәл бұлай сөйлемеген болар еді. Округ әкімдерінің ел жаңа­лығынан хабарсыз болуын көксеген шенеуніктің, әрине, мансабын шоқпарға айналдырғысы келген жас екені түсінікті жайт.

Ал енді облыстық әкімдіктегі жас шенеуніктердің мінезі бар ғой, жолындағының бәрін жайпап өтерлік дөрекіліктің көкесін танытады. Әсіресе, Астанадан министр­лер, не үкіметтік жұмыс тобы келген кездері тіптен ашуға мінеді. Тіпті, мемлекеттік қызметтен тысқары салалардың өкілдерін тәрбиелеп алуға бейім тұрады. Әкім­діктің тым тәуір лауазымын атқарып отырған жас шенеуніктің: «Бұларды бір мезгіл тәрбиелеп алу керек», деп ашық айтқанын білеміз. Басқармалардағы  жас шенеуніктер ше, о, олар шіренгенде аспандағы айды ұстағаннан бетер бәлсінеді. Алдына адам келді-ау дегенді мүлде қаперіне ілмейді. Керенау сөйлеседі. Тіпті, алдындағы адамды селсоқ тыңдайтындары кездеседі. Осыған мысал ретінде ай­тар болсақ, облыс әкімінің халық алдындағы есебінде бір тұрғын қалалық әкімдіктің бір бөліміне қатысты шағым айтты. Бөлімдегілер халықты аптасына екі рет қабылдайды екен. Сол екі күнде халықты қабылдауға тек екі сағаттық уақыт бөледі. Жас шенеуніктер шаруасын айта келген адаммен дұрыс сөйлеспей, қаға­зын жазып, төмен қараған күйі отыра береді екен. Сонда бұл не, самарқаулық па, әлде мәдениетсіздікті білдіре ме?

Осындайда дана Абайдың: «Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл. Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл, Танымассың, көрмессің, Қаптаған соң көзді шел», дейтін нақылға бергісіз өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Мансап қуған жас шенеуніктердің бәрінің бірдей көзін шел қаптады десек, артықтау айтқандық болар, сірә. Дегенмен, мемлекеттік қызметке орналасқан жастардың бойында үлкенге –құрмет, кішіге ізет танытатын қарапайымдылық, кішіпейілділік, ұстамдылық қасиеттері жетіспейді. Көбінесе даңғойлық басым түсіп жатады. Жасы үлкен болса да әлдекімнің «Пәленше Түгеншеевич» деп амандасқанын, жарамсақтана жік-жапар болғанын мәртебе санап тұрады. Жалпы, қолындағы мансабын шоқпар етіп көрсетуге, қара аспанды төндіре әкіреңдеуге бейім жас шенеуніктер қарапайымдылықты қарабайырлық деп түсінетін секілді. Бәлкім, олар­дың ерсі қылықтарын паш ететін әпербақандығы өздеріне байқала бермейтін шығар. Ал сырт көзге бәрі бірден шалынады.

Әрине, қазақ жастарының мансабы көтерілгенін қай қазақ қаламайды дейсің. Біз де қазақтың жас жігіттерінің тасы өрге домалауына, парасатты, абыройлы болуына сырттай тілекшіміз. Бірақ мансаптың буына мастанбай, бір сәт Абайдың: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой…» дейтін даналығын естен шығармағанын қалар едік. Мемлекеттік қызметтегі жастар осынау бес асыл істің астарына үңіліп, жадына түйсе, аспандаған арынына тежеу салып: «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім!» дер ме еді?

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы

Сонымен қатар, аталған мақаланы «Егемен Қазақстан» газетінің www.egemen.kz сайтынан тауып оқуларыңызға болады. Бейсенбі, 16 мамыр 2013 http://www.egemen.kz/мансап-пен-мінез/

 
«НачалоПредыдущая12345678СледующаяПоследняя»

Страница 8 из 8

Блог руководителя

Регламент работы

с понедельника по пятницу

с 09:00-18:30, перерыв с 13:00-14:30

Статистика посещений

mod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_countermod_vvisit_counter
mod_vvisit_counterПосетителей сегодня:333
mod_vvisit_counterПосетителей за неделю:1603
mod_vvisit_counterПосетителей за месяц:5274
mod_vvisit_counterПосетителей всего:182390

Календарь

«Горячая линия 110»
Для приема сообщений,
связанных с террористическими
угрозами